Halyq Uni логотип
×

Экс-министр Марат Бекетаевты қамауда ұстау уақыты ұзарды

Бекетаев 2023 жылдың қазанында қамауға алынған

 Айгерім Таубай 09.10.2024 | 09:31
Экс-министр Марат Бекетаевты қамауда ұстау уақыты ұзарды
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау уақыты ұзарды. Ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Осылайша, экс-министр 2024 жылдың 21 желтоқсанына дейін қамауда болады.

Айта кетейік, Марат Бекетаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Ал іс материалдарымен танысу уақытына шектеу қойылмаған.

Бекетаев жеке компания басшылығымен бірге бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, экс-министр 2023 жылдың қазанында қамауға алынды. Содан кейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министр Марат Бекетаевтың елден қашпақ болғанда ұсталғанын айтты.

Мемлекетке ірі көлемде залал келтірді, өкілеттігін теріс пайдаланды деген деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шынымен де экс-министр Марат Бекетаев елден қашпақ болғанда ұсталды. Қылмыстық-процестік кодекс бойынша тергеу мүддесіне сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды, - деді Әсет Шындалиев Сенат кулуарында.

Марат Бекетаев 2016-2022 жылдары Әділет министрі болды. Қаңтар оқиғасынан кейін Әділет министрі лауазымынан босатылып, 2022 жылдың соңына дейін ҚР премьер-министрінің кеңесшісі лауазымын атқарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама