Дзюдо федерациясы академиясының өкілдігі ашылады
2027 жылы елімізде дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Будапеште Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен өте маңызды кездесу өткіздім. Нәтижесінде елімізде дзюдоны дамыту бағытында бірқатар маңызды келісімге қол жеткіздік. 2027 жылы Қазақстанда дзюдодан әлем чемпионатын өткізу туралы келісімге келдік. Бұл еліміз үшін үлкен абырой, әрі қазақстандық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Өйткені, чемпионат Лос Анджелес олимпиадасының қарсаңында өтеді, - деп жазды министр Instagram-дағы парақшасында.
Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов елімізде дзюдо федерациясының өкілдігі ашылатынын жеткізді.
Қазақстанда халықаралық дзюдо федерациясы академиясының өкілдігін ашу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Бұл бастама спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың кәсіби деңгейін көтеруге үлкен септігін тигізетініне сенімдімін, - деді ведомство басшысы.