Өңірде заңсыз қоқыс полигондары көбейген
Ақмола облысында заңсыз қоқыс полигондары анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокуратураның мәліметінше, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны ретінде 130 жер учаскесі рәсімделген. Алайда рұқсат құжаттары тек 25-інде, яғни 19,2%-ында ғана бар. Өңірде 617 елдімекен бар екенін ескерсек, қоқыс қалдықтарының заңсыз алаңдары да жеткілікті екенін пайымдай беруге болады.
Ақпаратқа сәйкес, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ геопорталына мониторинг жүргізу барысында былтыр рұқсат етілмеген 789 қоқыс орны анықталып, олардың 631-і жойылған. Ғарыштан жасалған суреттерге сәйкес, былтыр Көкшетаудың өзінен қоқыс қалдықтары рұқсатсыз көмілген 96 орын анықталған.
Аталған деректер бойынша Красный Яр және Стационарный ауылдық округтерінің әкімдері ӘҚБтК-нің 324-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ, табиғат қорғау прокуратурасының талабы бойынша Бурабай, Ақкөл, Зеренді, Астрахан, Егіндікөл, Аршалы, Бұланды, Біржан сал, Қорғалжын аудандары әкімдерінің орынбасарлары және Целиноград ауданының ТКШ бөлімінің лауазымды қызметкерелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазір рұқсат етілмеген полигондарды тазарту және экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.