Шешімнің халықаралық алма транзитіне әсер етпейтіні айтылды
Елімізде өнім жинау маусымында шетелден алма әкелуге тыйым салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
АШМ мәліметінше, осы жылдың 7 айында шамамен 107,3 мың тонна алма шетелден әкелінген. Негізгі импорт Польша, Иран, Өзбекстан, ҚХР-дан іске асырылады. Бұл ретте импорт көлемінің өсуі Қытайдан 18 есе және Ираннан 7 есе артық өнім әкелуге байланысты болып отыр.
Отандық алма өндірісін қолдау және отандық өнімді өткізуді қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін автомобиль көлігімен үшінші елдерден алма (СЭҚТН коды: 080810) әкелуге тыйымды енгізуді мақұлдады, – делінген хабарламада.
Бұл ретте алма әкелуге тыйым салу тек егін жинау кезеңінде ғана енгізілгенін айта кету керек. Осылайша отандық бағбандарға жиналған өнімді сақтауға және оны қолайлы бағамен сатуға мүмкіндік беріледі. Маусымаралық кезеңде алма импорты шектелмейді.
Министрлік шектеу ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден алма әкелуге және Қазақстан аумағы арқылы халықаралық алма транзитіне әсер етпейтінін атап өтті.