Тәркіленген заттың құны 2 млрд теңгеден асады
Қостанай аудандық сотында ақбөкеннің мүйізін заңсыз сақтау және тасымалдау арқылы аса ірі залал келтірген тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, айыпталушы заңсыз жолмен алынған ақбөкен мүйіздерін Астанадан Қостанайға тасымалдауға шыққан. Бұл үшін ол көлік жүргізушісін жалдаған. Әулиекөл тасжолында полицейлер аталған көлікті тоқтатқан. Одан жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 823 дана ақбөкен мүйізі тәркіленген.
Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Жасалған іс-әрекетті, оның сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және істің мән-жайын ескере отырып, сотталушыға 8 жылға бас бостандығынан айыру, 5 жылға аңшылықпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.