×

Орман қорын ұлғайту жұмысын қатаң бақылау тапсырылды

Салаға әлеуетті инвесторлар тарту маңызды

 Динара Амантай 08.10.2024 | 12:41
Фото: Halyq Uni

Олжас Бектенов орман қорын ұлғайту жұмысында қатаң бақылау мен тиісті үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Үкімет отырысында премьер-министр орманды заңсыз кесуден және өрттен қорғау шараларына назар аударды. Өткен жылдарда болған алапат өрттер бұған дейінгі өртке қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мардымсыз екенін анық көрсетті.

Осыған байланысты қазір орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды арнайы өртке қарсы жүйелермен, техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды. Мысалы, Бурабай ұлттық паркінде орнатылған ерте хабардар ету жүйесінің арқасында орман өрттерінің орташа ауданы 50 есе қысқарды.

Аурулар мен зиянкестердің таралып кетпеуі үшін санитариялық жұмыстар жүргізіп, алқаптарды жарамсыз ағаштардан тазарту қажет. Бұлар – өртенген немесе ауруға шалдыққан ағаштар. Осындай зақым келген жалпы аумақтың тек 1%-ында ғана ағаштарды кәдеге жаратылады. Сонымен қатар оталған ағаштарды қайта өңдеуге арналған жоғары шикізат базасы бар.

Премьер-министр орман өнеркәсібі саласына әлеуетті инвесторлар тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.

Орман қорын ұлғайту жұмысында қатаң бақылау мен тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Экология және Төтенше жағдайлар министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге, әсіресе бюджеттен тыс қаражатты тарта отырып, орман мекемелері үшін қажетті жабдықтар мен техника сатып алуды қаржыландыру шараларын жалғастыру тапсырылды.

Сондай-ақ орман алқаптарына тұрақты мониторинг жүргізу, оның ішінде ғарыштық бақылау жүргізілуге тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама