АЭС салуға қатысты референдум қорытындысы жарияланды

Халық үні

2 миллионнан аса адам АЭС салуға қарсы дауыс берген

Фото: Санат Имангалиев

АЭС салуға қатысты өткен референдумның қорытындысы жарияланды. Орталық референдум комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, дауыс беруге барған қазақстандықтардың 71,12%-ы АЭС салуды қолдаған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның сөзінше, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге барған. Осылайша, референдум өтті деп есептеледі.

Дауыс бергендердің 71,12%-ы немесе 5 561 937 адам Қазақстанда АЭС салу мәселесін қолдады. Қазақстан АЭС салуға қарсы дауыс бергендердің саны – 2 045 271 адам. Жарамсыз деп танылған бюллетень саны – 130 267, - деді Нұрлан Әбдіров.

Барлығы 7 820 204 қазақстандық дауыс берген. 

Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров дауыс беру учаскелерінде болған келеңсіз жағдайларға қатысты да пікір білдірді.

Дауыс беру учаскелерінде болды деген келеңсіз жайттарға қатысты біздің және тиісті өкілетті органдардың тарапынан қолданыстағы заңнама бойынша құқықтық баға беріледі, - деді ол.