Алматыда Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары жауапқа тартылды

Динара Амантай

Мемлекет қаржыландырған фильмдер көрсетілімге шықпаған

Фото: Halyq Uni

Алматы қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Прокуратура 2019-2023 жылдарға ұлттық киноны қолдауға бөлінген бюджет қаражатын игеру кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне тексеру жүргізді.

Ақпаратқа сәйкес, ұлттық фильмдердi тиімсіз қаржыландырудың фактiлерi анықталды. Мысалы, 2019-2021 жылдар кезеңінде «Выбор» кинофильмі 500 млн теңгеге қаржыландырылды. Алайда мемлекет толықтай қолдағанына қарамастан, аталған фильм прокатқа сол күйі шықпаған.

Ал «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қаржылық қолдау, ұлттық фильмдерді және соған байланысты іс-шараларды шығаруды, прокаттауды және көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ ұлттық фильмдерді шетелде көрсету үшін ұсынылады. Оның үстіне, аталған фильмге прокаттан өткізу куәлігі алынбаған, бұл Заңның 14-бабы 1-тармағына қайшы келеді (ұлттық деп танылған фильмге ұлттық фильмнің куәлігі беріледі).

Осылайша мемлекет заңнамада көзделген прокаттан және фильм көрсетілімінен түсетін кірістің 20 %-ын алу мүмкіндігінен айырылған, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сонымен бірге 421 млн теңгеге қаржыландырылған «Тырналар» фильмі де прокатқа шықпаған.

Прокуратура 2019 жылдан бастап фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілмегендігін атап өтті. Жүйе елдің барлық кинотеатрларында көрсетілімдер мен сатылған билеттер бойынша, сондай-ақ фильмнің бюджеті бойынша статистиканы қадағалауға мүмкіндік берер еді.

Бұған қоса сараптамалық кеңестің жұмысы наразылық тудырып отыр. Кинокомпаниялардың продюсерлері, режиссерлері, актерлері мен құрылтайшылары сараптамалық кеңестің құрамына кіргендіктен, киножобаларға объективті іріктеу жүргізілмеген. Жобаларды осылайша қаржыландыру ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №113 Қаулысына қайшы келеді, – делінген хабарламада.

Көрсетілетін орасан зор мемлекеттік қаржылық қолдауға қарамастан, күтілетін мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілмеген.

Қала прокуратурасының қадағалау актісі бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.