«Лопесті 4-5 рет тістеп алды»: қазақстандық боксшы жеңіске әділетсіздікпен жетті деп айыпталды

Халық үні

Ол жекпе-жекке аргентиналықтардың көңілі толмай отыр

фото: instagram.com/angelina_lukas1997

Боксшы Ангелина Лукас IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын әділетсіз жолмен жеңіп алды деп сотқа шақырылып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетсек, Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас (11-1, 5 КО) аргентиналық Дебора Лопеспен (21-3-1, 1 КО) болған жекпе-жекте жеңіске жетіп, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын иеленген еді. Жекпе-жек Таиланд астанасы – Бангкок қаласында өтіп, Лукас төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен 97-92, 95-94, 95-94 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан оның IBO титулын жеңіп алғанын үлкен қуанышпен қарсы алса, бұған аргентиналықтардың көңілі толмаған. Олар төрешілердің шешімін әділетсіз деп сынға алды. 

Tim Boxeo порталының хабарлауынша, Лопес алтыншы раундта желкеге ұрғаны үшін бір ұпайынан айырылған. Ал Лукас оны 4-5 рет тістеп алғанына қарамастан, оған ескерту жасалмаған.

Ангелина Лукас жекпе-жектен кейін Instagram-дағы парақшасында бұл жеңісін өз командасына, жанкүйерлеріне және өз еліне арнағанын айтты. Ол 10 раунд бойы жеңіс үшін күрескенін және бұл жеңісті қан мен тер арқылы жеңіп алғанын жеткізді.

Оның бұған дейін де WIBF және WBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулері болған, алайда IBO тұжырымы – кәсіби бокста беделі жоғары ұйымдардың бірі.