Қарақшылық шабуыл жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды

Динара Амантай

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды

Фото: видеодан скриншот

Бас прокуратура қылмыстық топтың құрамында қарақшылық шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында күдіктіні Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Прокуратура ақпаратына сәйкес, күдікті 2015 жылы таныстарымен алдын ала сөз байласып, Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы мейрамханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасаған. Қылмыстың салдарынан мейрамхана иесіне 46 млн теңгеден аса материалдық залал келтірілген.

Күдіктінің сыбайластары жауапқа тартылды, ал күдікті бой тасалағадықтан, оған халықаралық іздеуге жарияланды.

Биыл мамырда ол Ресей Федерациясының Ростов облысында ұсталды. Содан кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Күдікті мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.