Антикор спортты қаржыландыру саласында жемқорлық тәуекелдерін анықтады
Соңғы 6 жылда салаға шамамен 1,4 триллион теңге бөлінген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, тек соңғы 6 жылда спорт саласы шамамен 1,4 триллион теңгеге қаржыландырылған (2018 жылы – 165 млрд теңге, 2019 жылы – 204 млрд теңге, 2020 жылы – 177 млрд теңге, 2021 жылы – 223 млрд теңге, 2022 жылы – 296 млрд теңге, 2023 жылы – 340 млрд теңге). Бюджеттен биыл және алдағы екі жылға тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған.
Агенттіктің мәліметінше, отандық спортқа бөлінетін қаржы Орталық Азия және алыс шет елдердің (Канада, Норвегия, Нидерланды) бюджеттерінен бірнеше есе артық. Сонымен қатар, Қазақстан Олимпиада ойындары бойынша медальдық есепте (2020 жылы – 83 орын (8 қола), 2022 жылы – 0 медаль, 2024 жылы – 43 орын (1 алтын, 3 күміс, 3 қола)) және Дүниежүзілік спорт рейтингінде (2014 жылы – 25 орын, 2018 жылы – 47 орын, 2023 жылы – 42 орын) төменгі орындарда көрінген. Бұның себептерінің бірі ретінде мемлекеттік қаржыны ұтымсыз жұмсауға және жымқыруға ықпал ететін жүйелі жемқорлық тәуекелдері негіз болып отыр.
Отандық спортты дамытудың қолданыстағы саясаты отандық спортшыларды тиімді даярлауға бағытталмаған. Шетелдік ойыншыларды натурализациялау арқылы қол жеткізілген қысқа мерзімді жетістіктерге назар аударылады, ал жеке спорттық кадрларды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жеткіліксіз болып отыр, – делінген ақпаратта.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік спортшыны сатып алды. Олардың әрқайсысы кейіннен өз еліне оралды. Көбіне өз таланттарын тәрбиелеудің орнына ақша басқа елдердің ойыншыларына жұмсалады. Бұл спортты қаржыландырудағы айқын теңгерімсіздікпен расталады.
Мәселен, Қазақстанның бұқаралық спортқа жұмсаған шығысы жоғары жетістіктер спортына қарағанда 9 есе аз (35 млрд теңгеге қарсы 340 млрд теңге). Спортта неғұрлым табысты саналатын шетелдерде бұқаралық спортты қолдауға басымдық беріледі.
Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілген бұқаралық спорт түрлерін дамыту көрсеткіштері формальды сипатқа ие. Мысалы, әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара, күніне орта есеппен 3 іс-шара өткізуге тиіс. Спорттық ғимараттар мен нысандарда, сондай-ақ ашық жерлерде өткізілетін іс-шаралар осы іс-шараларда 200 және одан да көп көрерменнің бір мезгілде болуын болжайтынын ескере отырып, көрсеткіш анық көтерілген, – делінген талдау қорытындысында.
Антикордың талдауына сәйкес, жоғары жетістіктер спортында басым спорт түрлерінің болмауына байланысты танымалдылығы аз және нәтижесіз спорт түрлері қаржыландырылады.
2023 жылы спорттың 31 түрінен бірде-бір медаль жоқ. 2024 жылы қаржыландырылатын бағыттардың саны 141 түрге дейін өсті. Мәселен, жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан 44 спорт түрін, қысқы спорт түрлері бойынша 13 спорт түрін дамытады. Жоғары жетістіктер спортының қаржыландырылатын бағыттарының шамамен 60%-ы Олимпиадалық емес бағыттарға жатады – 84 (141-ден). Жыл сайын бұл спорт түрлерін дамытуға 18 млрд теңге жұмсалады, – делінген қорытындыда.
СЖҚА қазіргі заманғы спорт нысандарының жетіспеушілігі спортшыларды сапалы даярлау мүмкіндігін шектейтініне назар аударды. Бұл әсіресе спорттық нысандар қолжетімсіз немесе қанағаттанарлықсыз жағдайда болатын аймақтарда байқалады.
Агенттік Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы кәдімгі жаяу жүргіншілер жолдары мен велосипед жолдарының тапшылығына бағытталғанын атап өтті. Ал, республика бойынша 374,2 мың шаршы метр жабық спорт ғимараттарының, 376,4 мың шаршы метр бассейндердің тапшылығы байқалады (Алматы, Астана, Түркістан және Алматы облыстарындағы ең үлкен тапшылық анықталды).
Спорт кешендері мен футбол академияларын салудың орнына спорттық ұйымдар легионерлерді ұстауға көп ақша жұмсаған. Мысалы, ең қымбат «Астана» ФК-нда (2018-2023 жылдары 50 млрд теңге, құрылтайшысы – Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Қазспортинвест» АҚ «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры және ҰОК) өзінің футбол академиясы мен инфрақұрылымы жоқ. 6 жыл ішінде (2018-2023 жылдары) клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсады, – делінген ақпаратта.
Тағы бір кемшілік – халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық іріктеудің болмауы. Жоғары жетістіктер спорт саласында процестерді цифрландыру мүлдем жоқ. 2020 жылы Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізуге жоспарланған әзірлеу жүргізілмеген. Салдарынан бейінді министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерді білмейді, жүлдегерлердің, спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебін жүргізбейді.
Цифрландырудың болмауы жалған спортшыларға спорттық атақтар беруге, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық емес және субъективті іріктеуге ықпал етеді. Аталған факторлардың салдарынан мұндай жағдай үлестес жеткізушілерді іріктеумен, оқу-жаттығу жиындары мен спорт объектілерін жалға алудың жалғандығымен, легионерлерге еңбекақыны асыра бағалаумен, қосарланған қаржыландырумен ұштасқан бюджет қаражатының бақылаусыз игерілуіне алып келді, – делінген Антикор қорытындысында.
Талдау қорытындысы бойынша спортты дамыту басымдықтарын қайта қарау, бұқаралық және балалар спортына бюджетті ұлғайту, қаржыландыруды орталықтандыру, өз инфрақұрылымын және балалар академияларын дамыту, сондай-ақ цифрландыруды енгізу бойынша ұсынымдар енгізілді.