Сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға түсіру туралы меморандум жасалды
Биыл Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 8 түрі арзандаған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бір жыл ішінде қарақұмық жармасы 321 теңгеден 219 теңгеге (32%), сәбіз 256 теңгеден 223 теңгеге (12,9%), пияз 169 теңгеден 151 теңгеге (10,7%), күнбағыс майы 764 теңгеден 687 теңгеге (10%), бірінші сорттағы бидай ұны 335 теңгеден 302 теңгеге (10%), құмшекер 418 теңгеден 393 теңгеге (6%), қырыққабат 193 теңгеден 184 теңгеге (4,7%), күріш 478 теңгеден 472 теңгеге (1,3%) арзандаған.
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев облыста 340 сауда нысаны мен жергілікті әкімдік арасында ӘМАТ тауарларына қосатын сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға түсіру туралы меморандум жасалғанына тоқталды. Бұл – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған шара.
Маңғыстау облысындағы азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегіндегі делдалдық схемаларын тергеп-тексеру комиссиясының жыл басынан бері 53 отырысы өтті. Нәтижесінде 71 кәсіпкерге ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 204-4 бабы бойынша ӘМАТ тауарларына 15% жоғары үстеме ақы қосқаны үшін ескерту берілсе, 9 кәсіпкерлік нысанға 166 140 теңге айыппұл салынды. Ал витринадағы баға мен кассалық чектегі бағы сәйкес келмегені үшін өңірде 21 бизнес өкіліне 1 млн 303 мың 276 теңге айыппұл салынды.