Барлығы 7,8 млн адам дауыс берген
2024 жылдың 6 қазанында өткен референдумда дауыс берген қазақстандықтардың 71,12%-ы АЭС салуды қолдады. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, 7 қазанда таңғы сағат 8:00-дегі ақпарат бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталған.
Бүгін таңертең аумақтық референдум комиссиялары дауыс беру нәтижесі туралы хаттамалардың электронды көшірмесін ұсынды. Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған жедел деректердің негізінде Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығарды, – деді Нұрлан Әбдіров.
Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан азаматтарының жалпы саны – 12 284 487 адам. Олардың басым бөлігі елімізде АЭС салуды қолдаған.
Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 7 млн 820 мың 204 адам немесе реферандумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66%-ына тең. Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқандардың 71,12%-ын немесе 5 млн 561 мың 937 адам болды. Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселеге қарсы дауыс бергендердің саны – 2 млн 45 мың 271 адам, – деді төраға.
Дауыстарды санау кезінде есепке алынбаған бюллетеньдерд саны – 82 324, ал жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны – 130 267.
«Республикалық референдум туралы», «Қазақстанның сайлау туралы» Конституциялық заңдарға сәйкес аумақтық референдум комиссиялары дауыстарды санағаннан кейін 2 күн ішінде әрбір өңір бойынша хаттамалардың түпнұсқасын жеткізуге тиіс. Республикалық референдумның қорытындысы Орталық референдум комиссиясының отырысында белгіленеді. Оны өткізу күні мен уақыты қосымша хабарланады, – деді Нұрлан Әбдіров.