Halyq Uni логотип
×

ДСМ жаңа вирустың өршуіне байланысты бақылауды күшейтті

Оған қарсы арнайы ем мен вакцина жоқ

 Динара Амантай 07.10.2024 | 10:49
ДСМ жаңа вирустың өршуіне байланысты бақылауды күшейтті
Фото: Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа қауіпті инфекция – Марбург вирусының өршуі туралы ескертуіне байланысты эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейтеді. Бұл туралы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Марбург вирустық ауруы – адамдарға да, басқа приматтарға да әсер ететін сирек кездесетін, ауыр вирустық геморрагиялық қызба. Вирус табиғатта жарқанаттарда кездеседі және жарқанаттардан адамдарға берілуі мүмкін. Марбург қызбасының табиғи ошақтары – Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка елдері: Оңтүстік Африка (Оңтүстік Африка Республикасы), Габон, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Гвинея, Зимбабве, Кения.

Аурудың клиникалық белгілері вирусты жұқтырғаннан кейін 2-21 күннен кейін пайда болады.

Халықтың жоғары көші-қонын ескере отырып, министрлік қазақстандықтарға эндемиялық елдерге барған кезде мынадай профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады:

  1. жұқтырған адамдармен байланыста болудан аулақ болу;
  2. Африка ормандарын мекендейтін жабайы жануарлардан сақ болу;
  3. жергілікті жануарлардың жеткіліксіз қуырылған етін жемеу;
  4. мысырлық жарқанаттардың көпбөлігі - вирустың асимптоматикалық тасымалдаушылары бар үңгірлер мен шахталарға бармау;
  5. аурудың белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну;
  6. жеке гигиена ережелерін сақтау.

Ақпаратқа сәйкес, Марбург вирусына қарсы арнайы ем мен вакцина жоқ. Тек симптоматикалық емдеу ғана жүргізіледі. Вирус адамға тікелей байланыс арқылы беріледі. Оны зақымдалған тері немесе шырышты қабықтар арқылы жұқтыру қаупі бар. Сонымен қатар, вирусты заттардың бетіне тигенде және төсек-орын немесе науқастың киімі сияқты материалдарды ұстаған кезде жұқтыру мүмкін.

Аурудың негізгі белгілері: қызу көтерілу, тамақ ауру, бөртпе, іш ауру, мұрын мен көздің қанауы.

ДСМ Марбург вирусының эпидемиологиялық жағдайының дамуын мұқият қадағалайды. Халықаралық әуежайларда аурудың республикаға әкелінуіне және таралуына жол бермеу мақсатында барлық келетін жолаушылардың байланыссыз термометриясы жүргізілетін мемлекеттік шекарада санитариялық-карантиндік бақылау іске асырылады, – деп атап өтті Сархат Бейсенова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама