Дала өртін сөндіру кезінде ТЖД қызметкері қаза тапты
Сотқа дейінгі тергеу басталды
Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде ТЖД қызметкері көз жұмды, деп хабарлайды Halyq Uni.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру барысында өз қызметтік міндетін атқару кезінде 24-өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы 1991 жылы туған Хали Хайрат қаза тапқан. Сержант азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомствоның Апаттар медицинасы орталығының психологтары қайтыс болған қызметкердің туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндірушінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады, – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ, қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетілетіні атап өтілді.
Айта кетсек, кеше Қоянды ауылының маңында құрғақ шөп өртенген. Өрт орнына орман шаруашылығының, ТЖД күштері мен құралдары және ерікті өртке қарсы құралымдар дереу жіберілген. Шақыру орнына барған кезде алдын ала 40 гектар алқаптың жанғаны анықталды. Өртті сөндіру барысында өңірлік ТЖД-ның екі қызметкері және ерікті өртке қарсы құралымның бір қызметкері күйік алды. Олар аудандық ауруханаға жеткізіліп, онда дәрігерлер оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғын Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол жеңіл күйік алған.
Күндіз дала өрті Павлодар облысының шекарасынан «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» ормансыз аумағына көшті. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» тікұшақтары барды. Тікұшақ құрылғысына суды Шалқаркөл көлінен қармап алып, сағат 17:00-дегі жағдай бойынша өрт ошақтарына 6 рет жалпы көлемі 18 тонна су төгілді. Сондай-ақ аэровизуалды барлау барысында Желтау кентінің тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Қауіпсіз жерге 18 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланды.
Өрт орнында Қарағанды және Павлодар облыстарынан ТЖД, ЖАО, ЭТРМ күштері: жеке құрамнан 183 адам, 56 техника және 4 тікұшақ жұмылдырылды. Өрттің алдын ала ауданы 3000 гектардан асты.