Референдум-2024: Астанада екі адамға айыппұл салынды
Дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр
Астанада АЭС құрылысы бойынша референдумға қатысты заң бұзған екі адамға айыппұл салынды. Бұл туралы Бас прокуратура қоғамдық мүддерлерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қараманов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның айтуынша, республикалық референдум процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр.
Бүгін заңбұзушылықтың екі дерегі анықталды. Біріншісі жеке тұлғаның қоғамдық пікірге заңсыз сауалнама жүргізуіне қатысты. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабының 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Оған тиісті айыппұл салынды. Екіншісі – заңсыз үгіт. Мұнда тұрғынға осы Кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл салынды. Екі жағдайда да құқықбұзушылар өз кінәсін мойындады, – деді Бекжан Қараманов.
Бас прокуратура өкілі қазақстандықтарға дауыс беру күні, яғни бүгін осындай сауалнамаларды таратуға және кез келген үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын ескертті.
Сондай-ақ, ол қазір прокуратураларға референдумға қатысты өтініштер мен соттарға талап арыздар түспегенін атап өтті.