Қазақстан босқындарға қатысты 3 жаңа міндеттемені іске асырады

Динара Амантай

Пана іздеушілерді қолдау тетіктері таныстырылды

Фото: видеодан скриншот

Қазақстан босқындар мен пана іздеушілерге қатысты 3 жаңа міндеттемені іске асыруға кірісті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Вице-министр онлайн режимде Біріккен ұлттар ұйымының Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының консультативтік кеңесіне қатысып, халықаралық ұйым өкілдерін Қазақстанның босқындар мен пана іздеушілердің құқығын қорғау бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар етті.

Асқарбек Ертаев пана іздеушілердің құқығын қорғауды және қолдауды қамтамасыз ету Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.

Бүгінде босқындарға, сондай-ақ пана іздеп жүрген адамдарға медициналық көмек Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Босқындар еңбек бостандығы мен кәсіпкерлік қызметке құқылы. Ұлттық заңнамаға сәйкес босқындар мен пана іздеушілерге, басқа шетелдіктерден айырмашылығы, жергілікті атқарушы органның еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсатын алу талап етілмейді. Қазақстан заңнамасы барлық балалардың, оның ішінде босқындар мен пана іздеушілердің балаларының мектепке дейінгі, бастауыш, жалпы орта білім алуға – тегін негізде, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға – конкурстық негізде құқығын қамтамасыз етеді, – деп атап өтті вице-министр.

Ол сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек Қазақстан азаматтарыда көрсетілген сияқты босқындарға да шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде берілетінін хабарлады.

Босқындар тұрақты тұрғылықты жерін алуға және Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдіруге құқылы. Бұл ретте босқындар Қазақстанда тұрақты тұруға және Қазақстан азаматтығына рұқсат алуға құжаттарды беру кезінде шыққан елінде соттылығы туралы анықтама беруден босатылды, – деді Асқарбек Ертаев.

Вице-министр жыл басынан бастап Қазақстан босқындар мен пана іздеушілерге қатысты 3 жаңа міндеттемені іске асыруға кіріскенін айтты.

  • Аумаққа және пана беру рәсімдеріне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін шекара қызметі мен жауапты мемлекеттік органдар арасында босқындар мен пана іздеушілерді қайта бағыттаудың жұмыс істеп тұрған рәсімін қабылдау.
  • Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтармен және шетелдіктермен тең дәрежеде медициналық көмек алуға, жұмысқа орналасуға, білім алуға және әлеуметтік көмек алуға қолжетімділік беру тетіктерін одан әрі жетілдіру.
  • Жоғары білім алу үшін стипендиялық бағдарлама шеңберінде босқындарды қабылдау квотасын белгілеу.