Өнер майталмандары референдумда өз таңдауын жасады
Әрбір қазақстандықтың дауысының маңыздылығы атап өтілді
Танымал әртіс Құдайберген Бекіш пен Алтынбек Қоразбаев Алматыда өткен референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Құдайберген Бекіш Алматыдағы референдумда дауыс беруге қатысты.Әнші №168 мектепте орналасқан № 416 учаскеге барды. Құдайберген Бекіш атом электр станциясын салу сияқты Қазақстан үшін маңызды шешім қабылдауда әрбір қазақстандықтың дауысының маңыздылығын атап өтті.
Бүгін – еліміз үшін айтулы күн. Мен азаматтық борышымды орындадым және сайлау учаскесінде дауыс бердім. Біздің барлық азаматтарымызды шетте қалмауға және еліміз үшін маңызды оқиғаға қатысуға шақырамын, – деп атап өтті әртіс.
Сондай-ақ, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор және әнші Алтынбек Қоразбаев Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша референдумға қатысты.
Өнер майталманы №202 мектеп-гимназиясында орналасқан № 211 учаскесіне келді. Алтынбек Қоразбаев референдумның маңыздылығына ерекше тоқталды.
Бүгін әрбір дауыс маңызды. Біз осы референдум нәтижесі арқылы халықтың көңіл-күйін, сенімін, үмітін, қоғамымыздың даму жолындағы көзқарасын біле аламыз. Сондықтан, баршаңызды дұрыс шешім қабылдауға шақырамын, – деді Алтынбек Қоразбаев.
Сонымен бірге белгілі ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Жақсылықұлы Қайырбеков Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумға қатысты. Әділғазы Қайырбеков Алматының Әуезов ауданындағы № 123 мектепте орналасқан №624 сайлау учаскесіне барды.
«Бүгін референдум өтіп жатыр, оның қорытындысы еліміздегі өзгерістерге әсер етеді. Қазақстан халқына АЭС құрылысы мәселесі бойынша көзқарасын білдіру мүмкіндігі өте маңызды. Осы мәселеге қатысты барлық түйткілді зерттеп, мен болашақ ұрпақтың өміріне оң әсер ететін шешімді қолдадым», – деді Әділғазы Жақсылықұлы.
Еске сала кетсек, бүгін қазақстандықтар республикалық референдумда өз таңдауын жасап жатыр. Алматы тұрғындары тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскелеріне барып, сағат 20:00-ге дейін өз дауыстарын бере алады.