Президент елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардар екенін еске салды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі Үкіметтің жұмысына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Президент орталығындағы №211 референдум учаскесінде ұйымдастырылған брифинг барысында мемлекет басшысы «Қазіргі Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сұраққа жауап берді.
Менің ойымша, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қойған міндеттерімді орындауға тырысады. Жұмысымыз өте қауырт. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына көріне бермеуі мүмкін. Ақпараттарды жан-жақтан алып отырамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Сондықтан елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын. Министрлердің және Үкіметтің жұмысында кемшін кетіп жатқан тұстар болса, әлбетте, ескертемін. Жеті ай деген көп уақыт емес. Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек. Ең басты міндет – ел экономикасының дамуына серпін беретін мүмкіндіктерді іздеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін президент референдумда дауыс беріп, оң шешім қабылданған жағдайда АЭС құрылысын кім жүргізетінін айтқан болатын.