Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтады

Қымбат Елтайқызы

Президент Тәжікстан басшысымен телефон арқылы сөйлесті

фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Президенттер қазақ-тәжік қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективасын талқылады, деп мәлімдеді Ақорда.

Әңгімелесу барысында жоғары деңгейде, соның ішінде Қазақстан басшысының биыл тамызда Тәжікстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы түрде жүзеге асыру мәселесіне айрықша мән берілді, – делінген ақпаратта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтап, бауырлас тәжік халқының игілігі үшін атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметінде жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Тоқаев Тәжікстан басшысының екіжақты байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Тараптар мемлекетаралық ықпалдастықты достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында ілгерілетуге ниетті екенін растады.