Полиция QR арқылы жасалатын алаяқтық туралы ескертті

Дәурен Ерболат

Қоғамдық орында QR-ды бірден сканерлеуге болмайды

Фото: Shutterstock

Полиция елімізде QR арқылы жасалатын алаяқтық дерегі жиілегенін ескертіп, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, бүгінде алаяқтықтың жаңа түрі (квишинг) жиі тіркеле бастаған. Мұнда алаяқтар қоғамдық орындағы QR кодтары арқылы адамдардың жеке дерегін алады. Олар QR-ды қоғамдық орындарда орналастырады немесе электронды спамға тіркейді. Бұл QR сізді құпия ақпаратты ұрлауға арналған зиянды веб-сайттарға бағыттайды.

Мысалы, алаяқтар сізге туыстары мен достарынан конкурсқа дауыс беруді немесе кодты сканерлеу арқылы сыйлық алуды сұрайды. Осылайша, сізге QR жібереді. Сондықтан қандай да бір әрекет жасамас бұрын ұсынысты мұқият зерделеу керек.

QR-ды пайдаланудың кең таралған әдістерінің бірі – тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу. Алайда QR-ды жұрт көп жиналатын орындарда бірден сканерлеуге болмайды. Егер сіз QR арқылы сайтқа кірсеңіз, онда жеке деректеріңізді сұраса, онда сақ болыңыз, Себебі, алаяқтардың құрбаны болуыңыз мүмкін. Бүгінде мұндай деректер жиі тіркеліп жатыр, - деп жазылған хабарламада.