Астанада 150 борышкерге құмар ойын ойнауға тыйым салынды

Динара Амантай

Прокуратура ұйымдастырушыларға ескерту жасады

Фото: Halyq Uni

Елорда прокуратурасының мәліметінше, 150 борышкер балаларына 350 млн теңге қарыз бола тұра, құмар ойын ойнаған.

Биыл алимент бойынша қарызы 2,5 млн теңгеге жеткен борышкерлердің бірі букмекерлік кеңсе арқылы 80 млн теңге жеке айналыммен құмар ойын ойнаған. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша жеке сот орындаушылары 150 борышкерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салды. Бұл шектеудің жаңа түрі борышкерлерге ақшаны орынсыз жұмсауға жол бермейді, – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері ойын бизнесін ұйымдастырушыларды 2024 жылғы 9 қыркүйекте күшіне енген Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес, борышкерлерді құмар ойындарға қатыстырмауға шақырды.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 444-бабына сәйкес, аталған заңнамалық талаптарды сақтамаған жағдайда айыппұл салу, ал қайталанған бұзушылықтар үшін лицензияның күшін тоқтату түрінде жаза қарастырылғанын еске саламыз, – делінген хабарламада.