Қаржы мемлекет пайдасына толық көлемде өндірілді
Атырауда қос азаматтығы бар адамға 516 мың 880 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы қос азаматтығы бар Құрманғазы ауданының тұрғынын анықтады. Ол Қазақстан Республикасында туып, 2002 жылы алғаш рет Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарын рәсімдеген. Алайда 2023 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдап, сол жылы шілдеде Ресей азаматтығын куәландыратын құжаттарын алған.
Анықталған ер адамға ҚР заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс-құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін Құрманғазы аудандық сотына жолданды. Сот шешімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 140 айлық есептік көрсеткіш, яғни 516 880 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл мемлекет пайдасына толық көлемде өндірілді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар аталған дерек негізінде 47-жастағы ер адамды Қазақстан азаматтығынан айырып, мәліметтер тиісті ақпараттық жүйелерге енгізілді.
Айта кетсек, жыл басынан бері Атырау облысында Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру туралы 192 дерек тіркелген. Оның ішінде 17 адам – қос азаматтығы бар адамдар. Сот шешімдерімен 15 адамға айыппұл салынса, 2 адам ҚР әкімшілік жолмен шығарылған. Оларға Қазақстан аумағына 5 жылға дейін кіруге тыйым салынды.
Қазақстан заңнамасы бойынша қос азаматтыққа тыйым салынған. Қазақстан азаматтығын алған тұлғалар 30 күн ішінде бұрынғы елінің паспортын тапсыруға міндетті. Бұл талаптар басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдаған Қазақстан азаматтарына да қатысты.