Украинаға барған НАТО-ның жаңа бас хатшысы Зеленскиймен жолықты
Біз осы мақсатқа қол жеткізуге бар күшімізді саламыз, - деді Украина президенті
Нидерландтың бұрынғы премьер-министрі 1 қазанда НАТО-ның бас хатшысы қызметіне кіріскен еді. Содан екі күннен кейін бірден Киевке барды, деп хабарлайды Halyq Uni.
УНИАН ақпарат агенттігінің мәліметінше, Марк Рютте президент Владимир Зеленскиймен кездесуде Украина елінің Солтүстік Атлантикалық альянсқа қосылу мәселесін талқылады. Ал Зеленский Украина НАТО-ның 33-мүшесі бола алатынын атап өтті.
Бұл – өте маңызды қадам. Бұл мақсатқа жету қиын. Бірақ біз осы мақсатқа қол жеткізуге бар күшімізді саламыз, - деді Украина президенті.
Екінші маңызды мәселе ретінде Зеленский елді қару-жарақпен қамтамасыз ету жайын атады. Бұл мәселе 9-11 шілдеде өткен НАТО саммитінде шешілген болатын.
Алдымен әңгіме Patriot және STAMP-T әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері туралы болып отыр. Біз саммитте уәде етілген және қосымша жүйелерді алу уақытын жақындатқалы жатырмыз, – деді Владимир Зеленский.
Оның пікірінше, НАТО-ның жаңа бас хатшысының Украинаға жасаған сапары альянстың ол елге дос әрі одақтас ретінде ерекше мән беріп отырғанын көрсетеді.
Айта кетсек, Марк Рютте Украинаға осымен бесінші рет келіп отыр. 2022 жылы басталған Ресей-Украина соғысынан бері ол Харьков, Одесса және Киевке төрт рет сапар жасаған.