Қазақстан мен Түркия діни білім беру мәселесін министрлік деңгейінде талқылады

Халық үні

Әлеуметтік медиада деструктивті ақпарат көбейген жағдайда жақсыны жаманнан ажырата білу қажет, - деді Балаева

фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербашпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.

Діни білім беру саласындағы бірлескен жұмысты нығайтуға және екі елдің университеттері арасындағы ынтымақтастықты арттыруға баса назар аударылды, - делінген хабарламада.

Аида Балаева екі елді ортақ дәстүрлер мен құндылықтарға негізделген берік бауырластық байланыстыратынын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық аясында ортақ рухани және мәдени құндылықтарды ілгерілетуге ғана емес, сонымен қатар бұл құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Өйткені кез келген дін айналадағы адамдарға деген мейірімділікті, қайырымдылықты, сыйластықты, сүйіспеншілікті насихаттайды.

Қазіргі әлемде діни мәселелерді түсіндіру, әсіресе осы бағытта жастармен жұмыс істеуге ерекше назар аудару маңызды. Әлеуметтік медиада деструктивті ақпарат көбейген жағдайда жақсыны жаманнан ажырата білу қажет. Сенімді және сапалы ақпаратты қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, - деді министр.

Әли Ербаш мұндай кездесулер екіжақты қарым-қатынастардың дамуына серпін беретініне сенім білдірді. Ол Түркияның Дін істері басқармасы Қазақстанмен белсенді қарым-қатынаста болып, студенттерді оқыту мен дамытуға, сондай-ақ олардың қоғамға бейімделуіне көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.