Орманшылардың жалақысы әлі көтерілмеген – депутат

Дәурен Ерболат

Қазір жастар орманшы болғысы келмейді

фото: «Бурабай» ұлттық паркі

Қазақстанда орманшылардың жалақысы әлі көтерілмеген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Ретімен айтайын, Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп кесіп айтқан еді. Бірақ бұл сөз айтылған жерінде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса, орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, биыл 1 шілдеде Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақысыеа үстемақы қосу туралы  қаулыға қол қойған.

Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100%-ға дейін өсімақы алуы керек болатын. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары болған. Шілдеден бастап жалақымыз еселеп артады деп елдің еңсесі тіктеліп қалды. Бірақ 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар биыл да, дәл сол жағдайды бастан кешіп жатыр. Себебі аталған қаулы Қызылорда облысында, Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деген дерек келді. Орманшылардың жазған арызы менің қолымда бар, - деді депутат.

Орманшылардың жалақысын көтеру мәселесі жергілікті бюджетке артылған. Алайдан онда қаржы жоқ.

Қаулы бар да ақша жоқ. Жалақының төмендігінен жастар орманшы болып жұмыс істегісі келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Осыған байланысты ол Роман Склярдан мәселеге назар аударуды сұрады.

«Жоғарыда айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған  қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстанның орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамассыз етуіңізді сұраймын», - деді депутат.