×

Енді Үкімет мүшелері жекеменшік үйін жалға бере алады

Ұлттық компаниядағы қарапайым қызметкер кәсіпкерлікпен айналыса алады

 Дәурен Ерболат 02.10.2024 | 14:14
Фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов құжаттың маңызды тұсына тоқталды.

Заң жобасы Конституциялық соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы нормативтік қаулысын жүзеге асыруға бағытталған. Осы нормативтік қаулыға сәйкес, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13-бабы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген барлық адамға кәсіпкерлік қызметке құқықты шектеу бөлігі Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды. Демек, қазір мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдар кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады, – деді Ұлан Сарқұлов.

Оның айтуынша, мұндай адамдарға республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептерде, ауруханаларда басқару функциясын іске асыратын адамдар (олар – бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер, мемлекеттік сатып алу департамент басшылары, филиалдардың басшылары) жатады.

Сондай-ақ бұрынғыдай, теңестірілген адамдар арасынан кейбір адамдарға келесідей тыйым сақталады: 

  • «Сайлау туралы» Конституциялық заңда бекітілгендіктен, өкілеттігін тұрақты негізде іске асыратын аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері;
  • Бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратындықтан Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілеріне («Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ);
  • Ұлттық холдингтердегі және ұлттық компаниялардағы басқарушылар (атқарушы органдардың басшылары, олардың орынбасарлары, сатып алу саласындағы бөлімшелердің басшылары және бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды іріктеуді және іске асыруды жүзеге асыратын бөлімшелердің басшылары) кәсіпкерлікпен айналыса алмайды.

Сондай-ақ жоғарыда аталған ұйымдардың әрі ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтердің қатардағы қызметкерлері заңмен тыйым салынбаған кез келген кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы бар. Өйткені, олар «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оған теңестірілген адам» ұғымына жатпайды.

Мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның, Президент әкімшілігі бөлімдерінің ұсыныстарын ескеріп, заң жобасында мынадай түзетулер енгізді:

  • Қолданыстағы заңнама бойынша мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында пайлық инвестициялық қорлардың, облигациялардың пайларын және коммерциялық ұйымдардың 5%-ға дейінгі жай акцияларын сатып алуға және сатуға құқылы. Сонымен қатар, аталған адамдар сатып алынған акцияларды сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.
  • Коммерциялық ұйымдардың пайларын, облигацияларын, жай акцияларының 5%-ына дейін сатып алуды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында (қор биржасында) ғана емес, басқа да заңды негіздер бойынша, оның ішінде азаматтық-құқықтық мәміле арқылы, мұра бойынша және тағы басқа жағдайда сатып алуға болады;
  • Азаматтық кодексте цифрлық активтер Салық кодексіне сәйкес олар табыс әкелетін және салық декларациясында көрсетілетін мүлікке жатқызылғандықтан, заң жобасында цифрлық активтерді сенімгерлік басқаруға бермей сатып алу мүмкіндігі көзделген;
  • «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен табыс алу құқығы бекітіледі. Осыған ұқсас норма «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда бар және қолданылады.
  • «Үкімет туралы» Конституциялық заңда және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда мұндай тыйым көзделмегендіктен, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда Үкімет мүшелеріне өздеріне тиесілі тұрғын үйді жалға беруге тыйым алынып тасталады.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама