×

Тасқынға қарсы іс-шараларға қатысқан сарбаздар запасқа шығарылды

Бірқатар әскери қызметшінің ата-анасына алғыс хаттар жолданды

 Динара Амантай 02.10.2024 | 11:53
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Теңіз жаяу әскерлері бригадасының 500-ден астам сарбазы Жауынгерлік тумен қоштасты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Атырау облысындағы су тасқыны салдарын жоюға қатысқан 300-ден астам сарбаз Қорғаныс министрінің атынан қол сағаттарымен марапатталған. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және үлгілі әскери тәртібі үшін бірқатар әскери қызметшінің ата-анасына алғыс хаттар жолданды. Жекелеген сарбаздарға кезекті әскери атақ берілді.

Теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі подполковник Азамат Сүлейменов бір жыл ішінде әскери қызметшілердің әскери мамандықты меңгергенін, олардың көпшілігі жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта тамаша нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.

Сіздер «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуларына, көктемгі су тасқыны салдарын жоюға қатыстыңыздар. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларды эвакуациялауды ұйымдастыруға және гуманитарлық көмек жеткізуге өз үлестеріңізді қоса білдіңіздер, – деді бригада командирі.

Қатардағы жауынгер Бейбарыс Сейітқасым әскердегібір жылғы қызметі туралы өз әсерін ортаға салуды да ұмытпады.

Әскер бізге көп нәрсені үйретті. Командирлерге зейіні мен шыдамдылығы, әскери істі игеруге көмектескені үшін алғыс айтқым келеді. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз әрі жоғары бағалаймыз, – деді ол.

Сонымен бірге 37 теңіз жаяу әскерінің келісімшарт бойынша қызмет етуге шешім қабылдады. Запасқа шығарылған 60-тан астам әскери қызметші білім беру жеңілдіктерін пайдалануға және жоғары оқу орнына оқуға түсуге ниет білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама