Түркістанға жаңа әкім тағайындалды

Қымбат Елтайқызы

Оған бірқатар маңызды міндет жүктелді

фото: Түркістан облысының әкімдігі

Президент әкімшілігінің келісімі бойынша облыс басшысының өкімімен Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, жаңа әкімді қала активіне аймақ басшысы Дархан Сатыбалды таныстырды. Қалалық мәслихат депутаттары әкім лауазымына ұсынылған Әзімбек Пазылбекұлының кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Дархан Сатыбалды шаһардың жаңа басшысына Түркістан қаласын дамыту, Түркі әлемінің орталығына айналдыру, туристік және экономикалық әлеуетін көтеру бағытында маңызды міндеттер жүктеліп отырғанын айтып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ

1991 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университеті мен «Болашақ» университетін бітірген. Мамандықтары – мемлекеттік және жергілікті басқару, экономика, құрылыс, құқықтану.

Еңбек жолын 2013 жылы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі жетекші маманының міндетін атқарушы болып бастап, жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарған. 2015 жылы Қызылорда қаласының әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болса, одан кейін Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті Коммуналдық шаруашылық басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы болып еңбек еткен. 2017 жылдан бастап Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Коммуналдық шаруашылық басқармасының бас сарапшысы, басшысы болып жұмыс істеген.

Инвестициялар және даму министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқармаларын басқарған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған.