Қыркүйекте жылдық инфляция 8,3%, айлық инфляция 0,4% болды

Ербол Тұрымбет

Баға өсімі тамыздағы көрсеткіштерден сәл бәсеңдеген

Фото: Halyq Uni

Қыркүйекте жылдық инфляция 8,3%-ды құрап, тамыздағы 8,4%-ға қарағанда аздап бәсеңдеген. Айлық инфляция өткен айдағы 0,6%-ға қарағанда 0,4%-ға дейін төмендеген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, баға ақылы қызметтерге бір жылда 13,6% (тамызда – 13,6%), азық-түлік емес тауарларға – 7,6% (тамызда – 7,7%), азық-түлік тауарларына – 5,1% өскен (тамызда – 5,5%).

Былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда тарифтер орталықтан жылытуға – 33%, суық суға – 29,4%, су бұруға – 24%, электр энергиясына – 23,7%, қоқыс шығаруға – 18,1%, ыстық суға – 17,4%, тарату желілері бойынша тасымалданатын газға 12% қымбаттаған.

Тұрғын үйді жалға алу төлемі 12,3% көтерілген. Сондай-ақ, байланыс қызметтеріне – 15%, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 9,3%, білім беру қызметтеріне 8,7% жоғарылаған. Жолаушылар үшін әуе көлігі билеттері – 16,8%, такси – 12,2%, қалалық автобус – 11,7%, теміржол көлігі қызметі 9,5% қымбаттаған.

Инфляция 11 өңірде республикалық орташа деңгейден асқан. Олардың ішінде ең жоғарысы – Астанада (10,3%), Маңғыстауда (9,8%) және Шығыс Қазақстан (9,2%) облысында қалыптасқан.