×

Қазақстанда қарттарға қандай қолдау көрсетіледі

Биыл әлеуметтік көмек беруге 12,4 млрд теңгеден астам қаражат

 Динара Амантай 01.10.2024 | 11:01
Фото: Halyq Uni

Бүгін әлем халқы, оның ішінде Қазақстан Халықаралық қарттар күнін атап өтіп жатыр. Елімізде жасы бойынша 2,4 миллионнан астам зейнеткер тұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға ілгері индекстеледі.

Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылардың мөлшері 9%-ға ұлғайтылды және ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақының мөлшері арттырылды.

Елімізде базалық зейнетақының мөлшері кезең-кезеңімен арттырылып жатыр. Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-ынан 65%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 105%-ына дейін арттырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қарт адамдарды қолдау, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шаралар жүргізіліп жатыр. Республикада 92 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істейді. Орталықтардың жұмысына биыл жергілікті бюджеттерден 5,9 млрд теңге бөлінді.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), қарттардың еркіндігін қамтамасыз етуге, қоғам өміріне қатысуға бағытталған.

1 қазанда елімізде Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін және басқаларды өткізетін болады, – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар Қарттар күніне орай Астана қаласында, Ақмола (ең төменгі зейнетақы алушыларға), Қарағанды (75 жастан асқан азаматтарға), Павлодар (ең төменгі зейнетақы алушыларға және 80 жастан асқан азаматтарға), Шығыс Қазақстан (90 жастан асқан азаматтарға), Маңғыстау (70 жастан асқан азаматтарға 25 қазанға қарсы), Түркістан (жалғызбасты зейнеткерлерге және 100 жастан асқан азаматтарға) облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында (70 жастан асқан азаматтарға және мүгедектігі бар адамдарға) 235,8 мың адамды қамти отырып, жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

Жалпы, биыл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарттарды әлеуметтік қолдауға 12,4 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды, оның ішінде:

  • азық-түлік жиынтығын ұсынуға – 229,4 млн теңге (26,5 мың адам);
  • жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 2 млрд 318 млн теңге (62,2 мың адам);
  • тіс протездеуге – 515,5 млн теңге (3,9 мың адам);
  • санаторийлік-курорттық емдеуді ұсынуға – 3 млрд 448 млн теңге (23,3 мың адам);
  • тұрғын үйді жөндеуге – 31,4 млн теңге (189 адам);
  • отынмен қамтамасыз етуге – 75,6 млн теңге (2,6 мың адам);
  • жалпы пайдаланудағы көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға – 5 млрд 179 млн теңге (409,9 мың адам);
  • көмектің басқа түрлеріне – 638,4 млн теңге (81,5 мың адам).

Айта кетсек, Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 45-сессиясында жарияланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама