Жеңімпаз келесі жылы анықталады
Елімізде жас қаламгерлер «Ерлік пен еңбек дастаны» атты жаңа байқауға қатыса алады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен жас қаламгерлерге арналған жаңа байқау басталғанын қуана хабарлаймын. «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы дарынды авторларға қолдау білдіріп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашуды мақсат етеді, - деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, байқаудың негізгі міндеті – мамандықтардың ерекшелігін көрсету ғана емес, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, басынан кешкендерін, арманы мен күнде кездесетін қиындығын тағылымы мол туындыға айналдыру. Сол арқылы қаламгерлерге жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын бірегей образдар жасауға мүмкіндік беру.
Жеңімпаз келесі жылы, яғни 2025 жылы Республика күнінде анықталады. Мәдениет және ақпарат министрлігі ең үздік кітаптың жарық көруін және бүкіл ел бойынша таралуын қамтамасыз етеді, - деді министр.
Өтінімдер биыл 1 қазаннан бастап қабылданады.