×

Халықаралық іздеуде жүрген шетелдіктер ұсталды

Биыл 1500-ге жуық қылмыскер қолға түсті

 Динара Амантай 01.10.2024 | 09:19
Фото: polisia.kz

Өткен аптада ІІМ криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері көршілес мемлекеттерде іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстады. Бұл туралы ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның айтуынша, Ресей Федерациясының Самара қаласында 2023 жылдың сәуірінде өзінің танысын өлтірген Тәжікстан Республикасының азаматы Түркістан облысында ұсталған. Ол 2023 жылдың қазанынан бері іздеуде болған.

Сондай-ақ, 2021-2023 жылдар аралығында Ташкент облысында көппәтерлі үйлерді жөндеу кезінде жалған құжаттарды ұсыну арқылы алаяқтық жолмен 180 млн 476 мың сом қаражатын иемденген Өзбекстан Республикасының азаматы Алматы облысы Қаскеленде ұсталды. Ол 2023 жылдың қарашасынан бері іздеуде болған.

Бұған қоса Бішкекте өзінің өгей қызын зорлағаны үшін 47 жастағы Түркия Республикасының азаматы Алматыда ұсталды. Ол Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдарымен іздеуде болған.

Ал Қызылорда қаласында 2022 жылы Ресей Федерациясының Сочи қаласының тұрғынын алдау арқылы 1 млн ресей рублін алып, өз қажеттілігіне жұмсап жіберген Ресей Федерациясының 30 жастағы азаматы ұсталды. Ол биылғы сәуірінен бастап іздеуде болған.

Қабылданған шаралар нәтижесінде ІІМ қызметкерлері іздеуде жүрген 1495 қылмыскерді ұстап, 1 мыңнан астам хабар-ошарсыз кеткен азаматтың жүрген жерлерін анықтады, – деді Қанат Нұрмағамбетов.

Сонымен бірге еліміздің аумағында шетелдерде іздеуде жүрген 642 қылмыскер ұсталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама