Жамбыл облысында жаттықтырушы жұмыстан заңсыз шығарылған

Дәурен Ерболат

Ол 20 жылдан астам уақыт спорт мектебінде жұмыс істеген

Фото: zakon.kz

Жамбыл облысы Ақбұлым ауылында бокстан жаттықтырушы жұмыстан заңсыз шығарылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жоғарғы соттың мәліметінше, дене шынықтыру және спорт басқармасы тексеріс барысында жаттықтырушының 1987 жылы соттылығы болғанын анықтаған. (Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 93-бабы 2-бөлігі, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру). Осыған байланысты ол биыл наурызда жұмыстан босатылды.

Жаттықтырушы спорт мектебінің үстінен жұмыстан босату, жұмысқа қайта алу және мәжбүрлі түрде жұмысқа келмеген уақытының жалақысын өндіру туралы бұйрықтың күшін жоюды талап етіп, сотқа жүгінген.

Жамбыл аудандық соты істі қараған.

1987 жылғы Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімі мен жаттықтырушының жасаған әрекеті қайта сараланды. Талап қоюшы адам өлтіргені немесе денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін сотталғандар санатына жатпайды және қылмыстық қудалауға тартылмаған. Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 96-бабы 1-бөлігінде іс-әрекеттің қасақаналығы көзделмегендіктен, жұмыстан босату негізі жарамсыз саналады, - деп жазылған хабарламада.

Осыған байланысты сот жаттықтырушының талабын толық қанағаттандырып, жұмыстан босату туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Талап қоюшының бұрынғы жұмысы қалпына келтіріліп, оның пайдасына мәжбүрлі түрде жұмыста болмаған уақыты үшін 781 мың теңге жалақысы өндірілді.

Шешім заңды күшіне енді.