Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында дипломатия шешуші рөлге ие
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, саяси реформалардың ең басты жаңалығы – Конституцияда президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереженің бекітілуі.
Мұндай норма посткеңестік елдердің, тіпті одан тысқары мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Менің ойымша, президентті бір рет 7 жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Оған қоса, президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер.
Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс екеніне сенімдімін. Тек сонда ғана реформаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға қажетті жағдай жасай аламыз.
Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі. Әділдікке қашан да, қай жерде де мұқтаждық бар. Біздің елде де солай. Қолға алған реформаларды іске асыру қаншалықты қиын болса да, діттеген мақсатымызға жетпей қоймаймыз. Оны ешкім тоқтатпақ тұрмақ, бағытынан жаңылдыра алмайды, – деді мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланысты нығайту үшін білім саласының маңызы зор екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқып жатыр. Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.