Halyq Uni логотип
×

Жолды өз бетінше жөндеген компания басшысына айыппұл салынды

Көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін рұқсатсыз жұмыстарды жүргізуге болмайтыны айтылды

 Динара Амантай 30.09.2024 | 15:38
Жолды өз бетінше жөндеген компания басшысына айыппұл салынды
Фото: polisia.kz

Павлодар облысында жолды өз бетінше жөндеген компания басшысына әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 27 қыркүйекте сағат 18:00 шамасында қаланың көше-жол желісіне тексеру жүргізу кезінде Екібастұз қаласы Мәметова көшесі мекенжайында перзентхананың аумағында және жанында жол жөндеу жұмыстары заңсыз жүргізілген.

Жұмыстарды заңсыз жүргізу кезінде су құбыры бүлініп, перзентхана біраз уақыт сусыз қалды. Қаланың төтенше жағдайлар қызметінің арқасында жағдай дереу түзетілді. Жөндеу жұмыстарын орындаған ЖШС басшысы тиісті рұқсатсыз Қазақстан Республикасының жол қозғалысы саласындағы заңнамасында белгіленген жолдарда жұмыстар жүргізу жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Лауазымды адамға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – дейді Екібастұз қаласы ПБ бастығы Нұрғазы Жәмшитов.

Тәртіп сақшыларының хабарлауынша арнайы рұқсатсыз көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін жұмыстарды жүргізуге болмайды.

Қазуды, қоршауларды және айналма жолдарды ұйымдастыру жөніндегі схемалар жергілікті атқарушы органдармен, ал жол қозғалысы қауіпсіздігі Екібастұз қаласы ПБ әкімшілік полициясымен бекітілуі және келісілуге тиіс, – деп қосты спикер.

2024 жылдың 9 айында жолдарда жұмыстарды жүргізу, жолдарды күтіп ұстау және басқа да жол құрылыстары бойынша талаптарды орындамағаны үшін 19 заңбұзушылық анықталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама