Сотқа жалған құжат ұсынған астаналық 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Үкім заңды күшіне енді
Астанада сотқа жалған құжат ұсынған астаналық 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қала прокуратурасының мәліметінше, 2018 жылы сот үкімімен лауазымды адамға пара берген тұрғынға 672 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Жазадан жалтару үшін ол уәкілетті органға айыппұлды толық төлегені туралы жалған құжат ұсынған.
Қалалық прокуратура бұл қылмыстық деректі дер кезінде анықтап, сотталғанның жазасы айыппұлдан 10 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Тергеп-тексеру барысында сотталушының миллиондаған айыппұл төлеуден жалтаруға көмектескен азамат ұсталды.
Алқабилердің қатысуымен шыққан сот үкімімен кінәлі азамат аса ірі мөлшерде алаяқтық және лауазымды тұлғаға аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеу жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.