Энергия көздерінің қоймаларындағы отын қоры – 5,2 млн тонна
1 қазаннан бастап жылыту маусымы Абай, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында басталады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана тұрғындарына жылу берілген болатын.
Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясының және Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен қатарлас жұмысын жалғастыра отырып, қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.
2024 жылға бекітілген жөндеу кестесі аясында 10 энергоблокта, 55 қазандықта және 45 турбинада күрделі жұмыстар жоспарланған. Қазір 4 энергоблокта, 22 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 энергоблоктың, 32 қазандықтың және 28 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталды, – делінген министрлік хабарламасында.
Ресми ақпаратқа сәйкес, барлық электр станциясы жылыту маусымының басталуына дайын әрі негізгі жабдықтармен, соның ішінде қазандықтармен және турбиналармен қамтамасыз етілген. 2024 жылы АЭК-тің (электр желілерін тарату компанияларының) электр желілерінде 20,8 мың шақырым электр беру желілерін, 422 қосалқы станцияны және 4054 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу көзделген. Қазірдің өзінде 19,9 мың шақырым электр желісі, 376 қосалқы станция және 4046 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станциялар жөнделді.
Жылумен қамту саласында 2024 жылы 546 шақырым жылу желісін күрделі жөндеу және жаңғырту жоспарланған. Қазір 516,3 шақырым жылу желілері жөнделді. Бұл – жылдық жоспардың 94,6%-ы.
Энергия көздерінің қоймаларындағы отын қоры – 5,2 млн тонна көмір мен 89 мың тонна мазут. Бұл жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.