Еліміздегі барлық кәсіпорында салтанатты жиын өтті
Астанада Машина жасаушылардың кәсіби мерекесіне орай үздіктер марапатталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Іс-шараға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерқанат Мақанов, машина жасау саласының жетекші мамандары және тағы басқалары қатысты.
Жиында министрдің орынбасары машина жасаушыларға алғыс айтты.
Сіздер адал еңбек етіп жүрсіздер. Нәтижесінде Қазақстанның машина жасау саласы тұрақты дамып, жыл сайын өндіріс көрсеткіші артып келеді. Бүгінде машина жасау Қазақстанның экономикалық драйвері деп сенімді түрде айта аламыз. Биыл машина жасау саласының өндіріс көлемін 12%-ға ұлғайту міндеті қойылды. Бұған машина жасаушылардың еңбегінің арқасында ғана қол жеткізе аламыз, - деді Азамат Бейісбеков.
Сондай-ақ Ерқанат Мақанов саладағы мамандардың еңбегіне жоғары баға беріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын еске салды. Оның пікірінше, бұл саладағы жұмысшылардың беделін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік наградалар жүйесіне инженерлер, геологтар, кен орындарын әзірлеушілер, көлік, аграрлық және су салаларының мамандары, сондай-ақ ғалымдар мен өнертапқыштар үшін құрметті атақтар енгізіледі. Бұл барлық маман үшін жақсы мотивация болады. Біз бірлескен күш-жігермен ғана отандық машина жасау саласын дамыта аламыз, - деді төрағаның міндетін атқарушы.
Салтанатты жиында саладағы үздік мамандар «Құрметті машина жасаушы» төсбелгілерімен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Айта кетейік, жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Қазақстанда машина жасаушы күні атап өтіледі.