Сондай-ақ, саудагерлер де үлкен сұраныста болмақ
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшыларының бағалауы бойынша 2024-2030 жылдары жалдамалы қызметкерлерге сұраныс 1,9 млн адамды құрайды. Сарапшылар жұмыс түрлері бойынша негізгі сұраныс кәсіби мамандарға, қызмет көрсету және сауда қызметкерлеріне, сондай-ақ, біліктілігі жоқ қызметкерлерге түседі деп күтеді. Бұл туралы экономист Ғалымжан Айтқазин авторлық телеграм-арнасында жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның жазуынша, 2024 жылы жұмыспен қамтылған халықтың негізгі бөлігі экономиканың мынадай секторларында жұмыс істейді: сауда (16,8%), білім беру (13,0%), өнеркәсіп (12,6%), ауыл шаруашылығы (11,5%), мемлекеттік қызмет және әлеуметтік қамсыздандыру (5,5%). Яғни, жұмыспен қамтылған халықтың 31,2%-ы экономиканың нақты секторында (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс) жүр.
Сарапшылар 2024-2030 жылдары жұмыс түрлері бойынша негізгі сұраныс кәсіби мамандарға, қызмет көрсету және сауда қызметкерлеріне, сондай-ақ, біліктілігі жоқ қызметкерлерге түседі деп күтеді. Ал фермерлер мен ауыл шаруашылығы жұмысшылары, әкімшілік саласындағы қызметшілер, басшылар мен мемлекеттік қызметшілер ең аз сұранысқа ие болмақ, – деп жазды экономист.
Жалпы, жалдамалы қызметкерлерге ең үлкен сұраныс қоғамдық қызметтер секторында (білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару) күтіледі, онда ол 248-ден 641 мың адамға дейін немесе жиынтық сұраныстың 21-29%-ын құрамақ.