Дайын өнім Таиландқа және басқа елдерге экспортталады
2025 жылы Алматы облысында балық өнімдерін қайта өңдеу жобасын іске асыру басталады. Жобаның инвесторы тайландтық Sea Value Plc. компаниясы, деп хабарлайды Halyq Uni.
Шикізатты қазақстандық және ресейлік балық шаруашылықтары жеткізеді деп жоспарланып отыр. Өндіріс қуаттылығы – күніне 3-5 тонна балық өнімі. Дайын өнім Таиландқа және басқа елдерге экспортталады.
Алдағы уақытта компания ҚР аумағында өндірілетін өнім желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Соның ішінде үй жануарларына арналған азық-түлікті, тауық ақуызын, тауықтан, балықтан жасалған мұздатылған жартылай фабрикаттарды, пісте және бадам сүтін және тағы басқасы.
Сондай-ақ, компания қазақстандық дистрибьютормен серіктестікте Алматы облысында өңірлік логистикалық хаб құру бойынша жұмыс істеп жатыр. Хаб компания өнімдерін ЕАЭО және Орталық Азия нарықтарына импорттауға, сақтауға және таратуға арналған.
Айта кетсек, Sea Value Plc. – Таиландтағы екінші ірі консервіленген тунец өндірушісі. Компания өз өнімдерін әлемнің 150 еліне экспорттайды.