Енді Мароккоға бару жеңілдейді
Білім алғысы немесе жұмысы істегісі келетін азаматтар виза алуға міндетті
БҰҰ Бас ассамблеясының 79-сессиясы аясында Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, африкалық ынтымақтастық және шетелдегі марокколықтар жөніндегі министрі Насер Буритамен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
СІМ мәліметінше, министрлер Қазақстан Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойған. Бұл келісім қос ел азаматтарының сапарларын жеңілдетуге, екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға бағытталған.
Келісімге сәйкес, Қазақстан және Марокко азаматтары жарамды ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың негізінде екі елдің аумағына кіру, шығу, транзитпен өту және уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады. Әрбір болу мерзімі кіру сәтінен бастап 180 күннің ішінде 30 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Сондай-ақ келісімде көзделген мерзімнен ұзақ болуды немесе еңбек қызметімен, білім алу немесе кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарлаған азаматтары қабылдаушы мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелерінен тиісті виза алуға міндетті.
Келісім тараптардың ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.