Halyq Uni логотип
×

Израиль «Хезболла» террористік ұйымын бітімге келместен жойып жіберуге кірісті

Биньямин Нетаньяху Израиль әскеріне «толық күшпен» соғысуды жалғастыруды бұйырды

 Халық үні 27.09.2024 | 08:27
Израиль «Хезболла» террористік ұйымын бітімге келместен жойып жіберуге кірісті
фото: REUTERS/Азиз Тахер

Израиль АҚШ пен Еуропалық Одақтың ауқымды соғыстың алдын алу үшін атысты үш аптаға тоқтатып, «Хезболламен» бітімге келу туралы ұсынысын қабылдамады, деп жазды ВВС.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль әскеріне «толық күшпен» соғысуды жалғастыруды бұйырды және атысты тоқтату туралы үндеуді жауапсыз қалдырды.

Еске сала кетсек, сәрсенбіде 11 ел мен Еуропалық одақ бірлескен мәлімдеме жасап, Израиль мен «Хезболланы» үш апталық бітім жариялауға және осы уақыт ішінде қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырған еді. Өтінішке АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Италия, Жапония, Канада, Аустралия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Еуропа Одағы қол қойды.

Атысты тоқтату туралы жаңалық шындыққа жанаспайды. Бұл – премьер-министр, тіпті, жауап та қайырмайтын америкалық-француздық ұсыныс, -деп жауап берді бұл ұсынысқа Нетаньяху кеңсесі.

Сонымен қатар, Газа секторындағы шайқас барлық соғыс мақсаттарына қол жеткізгенше жалғасады. Израильдің Сыртқы істер министрі Исраэль Катц кейін «солтүстікте атыс тоқтатылмайды» деп түсіндірді.

Біз «Хезболла» террористік ұйымына қарсы күресті жеңіске жеткенше және Солтүстік тұрғындары үйлеріне қауіпсіз оралғанға дейін жалғастырамыз, – деді Катц Х әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде.

Ливанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бейсенбіде Израильдің Ливандағы әуе шабуылдарынан 26 адам қаза тапқан. Олардың 19-ы – елдің солтүстік-шығыс аймағында жүрген сириялықтар.

Бұған дейін Израиль әскери күштері Ливаннан ел аумағы арқылы 45-ке жуық зымыран атылғанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама