Шавкат Рахмонов MMA-да 18 жекпе-жек өткізіп, қарсыластарының бәрін уақытынан бұрын жеңген
UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммад спорт шолушысы Кевин Айолаға берген сұқбатында келесі жекпе-жегін қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновқа қарсы өткізгісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мен Шавкатпен жекпе-жек өткізгім келеді. Ол осы уақытқа дейін жеңілмеген. Егер мен оны жеңсем, ешкім артық сылтау айтпайды. Ал Усманмен кездесу маған ондай әсер бермейді. Усман 3 жекпе-жекте қатарынан жеңілді, жасы келген. Менің ойымша, ол үміткерлер қатарына оралу үшін тағы бір жеңіске жетуі керек. Әлі де құлшынысы мен талабы бар екенін дәлелдеуге тиіс. Менің ойымша, келесі кездесуім Шавкатпен өтеді. Мысалы, Иан Гэрри тіпті титулға таласуды сұрамай отыр, ал Делла Маддалена әлі де жарақатынан айықпаған. Сондықтан таңдау Шавкат пен Усманға түседі. Ал осы екеуінің ішінде Шавкатпен жекпе-жек өткізгім келеді. Мен тек қоңырау күтемін. Залда жаттығып, өз деңгейімді арттырып жатырмын. UFC маған қашан хабарласса, сол кезде «иә» деп жауап беремін. Мен кез келген уақытта жекпе-жек өткізуге дайынмын, - деді Белал Мухаммад.
Сондай-ақ Шавкат Рахмонов та Белалмен жекпе-жек өзінің мансабындағы ең қиын жекпе-жек болуы мүмкін, бірақ бұл кездесуде жеңетініне сенімді екенін айтқан еді.
Айта кетсек, Белал Мухаммад 2023 жылдың шілдесінде Манчестерде өткен UFC 304 турнирінде Леон Эдвардсты төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіп, жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы атанған еді.
Ал Шавкат Рахмонов MMA-да 18 жекпе-жек өткізіп, қарсыластарының бәрін уақытынан бұрын жеңген. Ол соңғы жекпе-жегін 2023 жылы желтоқсанда Лас-Вегас (АҚШ) қаласында өткізіп, америкалық файтер Стивен Томпсонды екінші раундта ұтқан болатын.