Сенатор Жанна Асанова TikTok жұмысын заңмен шектеуге кірісті
Оның сөзінше, TikTok балалардың когнитивті және әлеуметтік дағдыларын бәсеңдетіп жатыр
Әлеуметтік желілер балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына әсер етеді, бұл сайып келгенде балалар мен жасөспірімдер арасында суицидке әкелуі мүмкін. Сондықтан, заңға әлеуметтік желілерді, оның ішінде TikTok-ты реттеу механизмдерін енгізу мәселесін қарастыратындарын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Миннесота университетінің ғалымдары «I See Me Here: Mental health Content, Community, and Algorithmic Curation onTikTok» мақаласын жариялады. Онда TikTok қолданушыларын бейнелерді үздіксіз айналдырып отыруға ынталандыру үшін шексіз мазмұн арнасын («Сіз үшін» бет) пайдаланатыны айтылған. Пайдаланушылардың өздері де платформаның тәуелділік тудыратынын айтады. Өйткені, таспаны айналдыру әдет боп кетеді, – деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзінше, бір нәрсе анық, оны психологтар да растайды. Кез келген осындай әлеуметтік желінің ойын сипаты балалар арасында тәуелділіктің пайда болуына әкеледі. Оның бір себебі, баурап алатын әрі күрделі дизайнына, сонымен қатар, әлеуметтік желідегі қызықты және қарапайым бейне мазмұнына байланысты. Екінші жағынан, лайк пен пікір алатын механизмдер де қолданушыларды тәуелділікке әкелуі мүмкін.
Мысалы, желілерде бегілі деген түрлі челлендж бар, олардың кейбірі, мысалы, батыстағы «Бенадрил челленджі» немесе «сананы өшіру челленджі» қайғылы жағдайға, соның ішінде жасөспірімдердің өліміне әкелді.
Тағы бір алаңдатарлық тенденция – зиянды құндылықтардың, әсіресе экстремистік немесе ұлтшылдық сипаттағы, фашизм, нәсілшілдік, антисемитизм, ксенофобия идеологиясының таралуы. Кибербуллинг қоғамның үлкен азабы. Шынында да, желілерде көптеген қолданушы анонимді болып қалады да өз мәлімдемелері үшін жауапкершілік алмайды. Хейт адамдардың психикалық және физикалық денсаулығына ауыр, кейде орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Нәзік психикасы бар бала үшін бұл құбылыстар ауыр зардапқа әкеледі, әсіресе көпшілік алдында қорланса және ол қайталанса. Жалғыздық, ұят, үмітсіз сезім тікелей суицид туралы ойға жетелейді, – дейді сенатор.
Оның ойынша, дәл сол TikTok жылдам және ойын-сауық мазмұнымен тек ойын-сауық көзі ғана емес, сонымен қатар, балалардағы маңызды когнитивті және әлеуметтік дағдылардың дамуын бәсеңдететін факторға айналды. Қысқа әрі жиі шығатын үстірт бейнелерді үнемі қарау сыни ойлау және талдау қабілетін төмендетеді. Зорлық-зомбылық пен әдепсіз лексиканы бейнелейтін сексуалдық сипаттағы материалдарды платформаның сүзгіден өткізіп отыратын ережелері жоқ.
Әріптестерімізбен кәмелетке толмағандар арасында осындай платформаларды, оның ішінде Тиктокты пайдалануды реттеу және шектеу тетіктері және балаларымыздың ақпараттық қауіпсіздігін күшейту көзделуі үшін заңнамалық күн тәртібінде белсенді жұмыс істеуге шешім қабылдадық, – деді Жанна Асанова.
Айта кетейік, сенатор жыл басында тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша мәселе көтеріп, былтыр Қазақстанда отбасындағы жанжал салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болғанын мәлімдеген еді.