Міндеттерді іске асыру бойынша шаралардың маңыздылығына назар аударылды
Алматыда республикалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық жиналысы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ассамблея отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы талқыланды. Сонымен бірге қазақстандықтардың құқықтық мәдениетін арттыруды, жалпұлттық бірлікті күшейтуді, жастардың бойында патриотизмді қалыптастыруды, халқымыздың мәдениеті мен тарихына құрметпен қарауға ықпал етуді көздейтін іс-шараларды жүзеге асыруға қатысты мәселелерге назар аударылды.
Аталмыш жиынға Ассамблея төрағасының орынбасарлары Марат Әзілханов, Лугмар Буларов пен Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестік өкілдері, Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдардың мүшелері қатысты.
Марат Әзілханов «Жүректен жүрекке» және «Мектепке жол» науқаны аясында іске асырылған қайырымдылық шараларына белсене қатысқан Ассамблея мүшелеріне алғыс айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекет басшысының Жолдауында берілген міндеттерді жүзеге асырудағы рөлі мен қызметіне тоқталды.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатқанына назар аударған болатын. Соңғы бес жылда бірқатар маңызды реформалар қолға алынды. Президент мемлекеттің саяси жүйесі түбегейлі өзгеріп, халықтың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол халықтың құқықтық мәдениеті артып келе жатқанын айтты.
Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз, – деді президент.
Мемлекет басшысы өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғанына 5 бес жылдан аса уақыт өткенін айтты. Бұл уақыт аралығында билік құрылымдары мен қоғам арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгергені айтылды.
Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек. Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Марат Әзілханов президенттің Жолдауында айтылған міндеттерін іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір мүшесінің рөлі маңызды екендігін атап өтті. Бұл ретте ол мемлекет басшысының заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру міндетіне ерекше назар аударды.
Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі. Бұған қоса бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз, – деді президент.
Ассамблея төрағасының орынбасары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда қойған осы міндеттерін орындауды көздейтін іс-шаралардың орындалу барысы жөнінде де сөз қозғады. Ол этносаралық қарым-қатынаста түрлі арандатушылық әрекеттерге тосқауыл болу керектігінің маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты Қазақстанды жайлы және қауіпсіз өмір сүру аймағына айналдыру Ассамблеяның әрбір мүшесі үшін негізгі міндет ретінде анықталуы қажет екендігі айтылды. Қоғамда Заң мен Тәртіп қағидатын тереңінен бекітуге айрықша назар аудару маңызды болып табылады.
Жиынға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау бастамасын қолдайтындарын білдіріп, Ассамблея мүшелерінің басым бөлігі жұмысшы мамандықтарының өкілдері екенін және еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық идеяларын насихаттайтынын жеткізді.