Қазақстанда құқық қорғау органдарының парасаттылығы тексеріледі

Динара Амантай

Тиісті Заң жобасы әзірленді

Фото: Halyq Uni

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құқық қорғау органдарында парасаттылыққа тексеруді (Integrity check) енгізу мақсатында «Кәсіби парасаттылыққа тестілеу туралы» Заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Осы институттың тетігін әзірлеу Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасында көрсетілген. Бүгінде бұл құрал Австралияда, Венгрияда, Молдовада, Румынияда, АҚШ-та белсенді қолданылады және жемқорлық мінез-құлқын анықтауға бағытталған модельденген жағдай болып есептеледі.

Заң жобасында тестіленушілер мен тестілеушілердің құқығы мен міндеттері, тестілеуді тағайындау үшін негіздер, оны өткізу рәсімдері, жауапкершілік шаралары және басқа да мәселелер регламенттелген. Сондай-ақ, тестілеушілер тарапынан ықтимал теріс пайдаланудан қызметкерлердің құқығын қорғау кепілдіктері мен алдын алу тетіктері бекітілді.

Құқық қорғау органдарында (СЖҚІА, ҚМА, ІІМ және ТЖМ) парасаттылықты тексеруді пилоттық сынақтан өткізу нәтижелері осы құралдың жоғары алдын алу әлеуетін көрсетті, – делінген Антикор хабарламасында.

Кәсіби парасаттылыққа тестілеуді енгізу жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде азаматтардың сенімін арттыруға ықпал етеді.