Антикор Астана банкінің бұрынғы акционерін жауап алуға шақырды

Динара Амантай

Агенттік аса ірі мөлшерде қаржы жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр

Фото: Sputnik / Абзал Қалиев

Антикор «Астана Банкі» АҚ бұрынғы акционерін жауап алуға шақырады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана Банкі» АҚ бұрынғы мажоритарлық акционері Олжас Тоқтаровқа және өзге де тұлғаларға қатысты банк активтерін жалған агенттік қызметтер көрсету және бақылауындағы «SKK Tennasy Group» ЖШС пайдасына Алматы қаласы Қобдолов көшесі, 22 «Б» бизнес-орталық ғимаратын заңсыз иеліктен шығару арқылы аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Қазір жиналған дәлелдемелер күдікті О. Тоқтаровтың әрекеттерін ҚР ҚК 28-б. 3-б., 189-б. 4-б. 2-т. және 189-б. 4-б. 2-т. бойынша саралауға мүмкіндік берді. ҚР ҚПК-нің 208-бабының 1-бөлігіне сәйкес күдікті жауап алуға шақыру қағазымен шақырылады, – делінген Антикор хабарламасында.

Агенттіктің ақпаратына сәйкес, күдікті Қазақстан Республикасынан тыс жерде әрі ол келуден жалтарып отыр.

Күдікті О. Тоқтаровқа жауап алу және іс-әрекеттердің саралануы туралы қаулыны жариялау үшін 2024 жылғы 26 қыркүйекте сағат 11:00-де Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 19, «Б» блогы мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік ғимаратына жедел-тергеу тобының басшысы Ж. Өтепқалиевке келу қажет. Күдікті тергеу әрекеттеріне қатысу үшін қорғаушыны дербес шақыруға не қылмыстық процесті жүргізуші органның қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтінішхат беруге құқылы (ҚР ҚПК 68-бабы), – делінген Агенттік хабарламасында.

Егер қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмалары бойынша басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді.