Жоғарғы сот мектепте орамал тағу заңды дегенді жоққа шығарды
Ата-аналар білім ордасындағы талапты сақтауға міндетті
Жоғарғы сот мектептерде орамал тағу енді заңды деген талап шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
БАҚ-та және және әлеуметтік желілерде Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат тарап жатыр.
Істі қарау аясында Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды. Өйткені білім алу құқығы Қазақстан азаматтарының негізгі конституциялық құқығының бірі саналады.
Сонымен қатар бейінді министрлікте орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған, - деп жазылған Жоғарғы сот таратқан хабарламада.
Сондай-ақ ата-аналар мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау міндетіне жауапты. Бұл ретте ата-аналардың балаларды тәрбиелеу мен білім беру, олардың құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі өздеріне алған және заңда белгіленген, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген міндеттерді орындамауы жауаптылыққа әкеп соғады.
Бұған дейін Жоғарғы сот хиджабтағы қыздардың құқығын қорғағаны хабарланған еді.