Ипотека рәсімдеуге уәде берген астаналық 55 млн теңгені қолды қылған
Ол 22 адамды алдап кеткен
Астанада ипотека рәсімдеуге уәде беріп, 55 млн теңгені қолды қылған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокуратураның мәліметінше, қала тұрғыны өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, «Отбасы банк» АҚ арқылы бастапқы жарнасыз ипотекалық тұрғын үй сатып алуға көмектесу мүмкіндігі бар екені туралы ақпарат таратқан. Ол танысына банктен аукционда сатуға қойылған бұғатталған 3 бөлмелі пәтерді ипотекаға сатып алуды ұсынған. Алаяқ аукционға қатысу үшін 630 мың теңге сұраған. Біраз уақыттан кейін ипотека рәсімдеу үшін шот ашып, 11 млн теңге көлемінде қаржы салу қажеттігін хабарлаған. Ол танысының сенімін теріс пайдаланып, жалпы көлемі 14 млн теңгеден астам қаржыны алаяқтық жолмен иемденген.
Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан 22 жәбірленушіге 55 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. Кінәлі азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Жәбірленушілердің азаматтық талап арыздары қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.